https://informburo.kz/img/article/1069/28_main.jpg
2025 жылға дейін білім саласына бөлінетін қаражат 6 есе өседі / Cурет akorda.kz сайтынан алынды

"Болашақ педагогтер стипендиясы 42 мың теңгеге дейін өседі". ҰҚСК үшінші отырысында айтылған маңызды мәселелер

by

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдердің мәртебесі, студенттердің стипендиясы, дәрігерлердің жауапкершілігі және басқа да мәселелерді сөз қылды.

Мемлекет басшысының айтуынша, 2025 жылға дейін білім саласына бөлінетін қаражат 6 есе, ал, ғылымға бөлінетін қаражат 7 есе өседі.

"Қазақстандағы білім беру жүйесінің артта қалып отырғанына реформалардың жүйесіздігі, осы салаға арнап бөлінген қаржының жеткіліксіздігі себеп болып отыр. “Дипломмен - ауылға” бағдарламасы қабылданса да, қазір ауылға ешкім барып жатқан жоқ. Ауылдық жерде бір мұғалім 3-4 пәннен сабақ береді. 2025 жылға қарай 100-ден аса интернат салынады деп жоспарлап отырмыз.
Тағы бір маңызды міндет – қала және ауыл мектептерінің арасындағы алшақтықты қысқарту. PISA деректеріне сүйенсек, қазіргі уақытта қазақстандық мектептер арасындағы алшақтық 1,5 жылға тең. Барлық балалар тұратын жері мен әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, сапалы білім алуға құқылы. Мектептер арасындағы алшақтықты азайту үшін ауылдық жерлердегі шағын кешенді мектептерге білікті мамандар қажет" дейді президент.

Мұғалімдердің жалақысы, докторанттардың стипендиясы көбейеді

Мемлекет басшысының айтуынша, қазақстандық білім беру саласында қолдауға мұқтаж жандар көп. Солардың бірі - докторантурада білім алып жүрген жандар.

"Қазақстандық жоғары оқу орындарында оқып жүрген докторанттардың стипендиясы күнкөрісіне жетпейді. Олардың көпшілігі - балалы-шағалы адамдар. Оқып жүргендіктен, көбінің қосымша жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ. Сол себепті, докторанттардың стипендиясын 150 мың теңгеге дейін көбейтуді ұсынамын" деді президент.

Сондай-ақ, жиында алдағы 4 жылда педагогтардың жалақысы екі есе көбейетіні де айтылды. Одан бөлек, алдағы 5 жыл көлемінде кемінде 90 мың орындық жатақханалар салу жоспары да мәлім болды. Мемлекет басшысы Білім және ғылым министрлігі өкілдерінің кейінгі кезде қоғамда жиі айтылып жүрген оқушылар арасында зорлық-зомбылық, өз-өзіне қол салу фактілеріне назар аударуын сұрады.

Педагогикалық мамандықта оқитындардың стипендиясы 42 мың теңгеге дейін өседі

Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтардың мәртебесін мемлекеттік тұрғыдан жан-жақты қолдап, олардың қоғамның құрметті мүшесіне айналуына көмектесу қажет екенін айтты. Қазіргі таңда мұғалімдердің еңбегін елеп-ескеру мақсатында арнайы мемлекеттік марапат дайындалып жатқаны белгілі болды. Одан бөлек, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік салаларда жемісті еңбек етіп жүрген жандарға “Халық алғысы” деген жаңа медаль тағайындалатыны да айтылды.

"Карантин кезіндегі қашықтан оқыту кезінде білім беру саласында жаңа есімдер жарқырап алға шықты. “Балапан” және “Ел арна” арналарында телесабақ жүргізген кейбір ұстаздарымыз шынымен де құрметке, марапатқа лайық" дейді президент.

Сондай-ақ, мемлекет басшысы педагогикалық мамандықтарға оқуға түсу процесінің талаптарын біртіндеп күшейту керектігін сөз етті. Оның айтуынша, талапкерлердің қызығушылығын арттыру үшін болашақ мұғалімдердің стипендиясын 26 мың теңгеден 42 мың теңгеге дейін көтеру қажет. Президент "жалпы алғанда, педагогтарды арнайы жоғары оқу орындары даярлағаны дұрыс. Білім және ғылым министрлігі бұл бағытта оң шешім қабылдайды деп ойлаймын" деп пікір білдірді.

Сапасыз оқулықтарды құрастырушылар жазаға тартылады

Президент қазақстандық оқулықтардың сапасына қатысты ойын былайша жеткізді:

Білім сапасы оқулықтардың сапасына тікелей тәуелді. Біздегі оқулықтардың сапасы сын көтермейді. Сол себепті, Білім және ғылым министрлігінің алдында оқулықтардың ғылыми-практикалық сараптамасына қойылатын талаптарды күшейту міндеті тұр. Сондай-ақ, сапасыз оқулық дайындаған құрастырушыларды заң жүзінде жауапкершілікке тартуды тапсырамын.

Сондай-ақ, ол білім берудің сапасын арттыру мақсатында жалған диплом беретін жоғары оқу орындарына қойылатын талаптарды күшейтуді тапсырды. "Жалған диплом" басып шығаратын мұндай оқу орындары тез арада жабылуы тиіс" дейді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев кадр мәселесіне тоқталғанда, "мемлекеттік билік жүйесінде істеуге ынталы нағыз кәсіби мамандарды, жаңа таланттарды" іздейтінін айтты:

Үкімет мектеп, колледж, балабақша директорларын әділ жолмен тағайындайтын, жалпыға түсінікті, ашық жүйе әзірлеуі тиіс. Кадрларды алмастыру мен аттестациялау да басқарудың тиімділігін арттырады. Жалпы, мен кез-келген салада кадрларды алмастыруды процесі болғанын қолдаймын. Біз “жоғалған ұрпақ” туралы әңгімелер болмауы үшін кадрларды жаңартып отыруымыз керек.

2021 жылдан бастап Тіл комитеті Білім және Ғылым министрлігімен бірігеді

Президент тағы бір маңызды мәселе – мемлекеттік тілді үйретудің тиімділігін арттыру ісінде еуропалық елдердің тәжірибесіне назар аудару керектігін айтты:

Олар тілді үйрету барысында жастарға көбірек акцент қояды. Сондықтан, 2021 жылдан бастап тіл комитетін Білім және ғылым министрлігіне қосуды ұсынамын. Бұл қазақ тілін үйрету әдістерінің бір орталықта жиналуына мүмкіндік береді.

Дәрігерлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесі қайта қаралуы керек

Мемлекет басшысы соңғы кезде қоғамда қазақстандық медицина туралы негатив пікірлер көп айтылып жүргенін сөз етті. Оның айтуынша, медицина қызметкерлері өз міндетін орындау барысында жасаған қателігі үшін тартылатын қылмыстық жауапкершіліктің қаншалықты орынды екеніне сыни көзбен қарап көрген жөн.

"Соңғы кездері дәрігерлердің заңсыз, әділетсіз қудаланған оқиғалары жиі қайталанып жүр. Менің ойымша, осы мәселені қайта қарастырғанымыз жөн. Медицина қызметкерлерін қылмыстық жауапкершілікке тарту қаншалықты орынды? Тергеу барысында дәрігер немқұрайдылығының деңгейін анықтап-білу өте қиын. Қазірдің өзінде қаншама дәрігерлер қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Біз клиникалық зерттеулер жүргізу тәртібінің бұзылғаны үшін қылмыстық жазаға тарту мәселесін қайта қарастыруымыз қажет. Өйткені, жазаға тартылу қаупі медицина қызметкерлерінің ғылымнан бас тартуына себеп болуы мүмкін.
Әрине, менің жоғарыда айтқандарым дәрігерлерді адам өмірі мен денсаулығы алдындағы жауапкершіліктен босатпайды. Алайда, бұл жауапкершілік қылмыстық емес, әлемнің дамыған елдеріндегідей әкімшілік және азаматтық-құқықтық жауапкершілік болуы тиіс" дейді президент.

Жыл соңына дейін биологиялық қауіпсіздік туралы жаңа заң әзірленеді

Президент қазіргі таңда әлемнің барлық елі үшін биологиялық қауіпсіздік мәселесі маңызды болып отырғанын атап өтті. Жақын арада Қазақстанда осы мақсатта жаңа комитет құрылып, биологиялық қауіпсіздік туралы заң дайындалатын болды. Сондай-ақ, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет институттандырылып, бас санитар дәрігердің мәртебесі мен өкілеттігі артатыны белгілі болды.

"Осы саладағы мамандарды әлеуметтік жағынан қамтамасыз ету шаралары қабылданып, кадр даярлау жүйесі қайта қаралады. Сонымен қатар, бізге инфекциялық аурулармен күрес мәселесінде өзге мемлекеттермен ынтымақтастықты одан әрі нығайту қажет. Биологиялық қауіпсіздік жүйесі жалпы ережеге сәйкес жұмыс істеуі тиіс және мемлекеттер арасындағы тиімді өзара іс-қимыл мен қауіп-қатерге жауап қайтаруды қамтамасыз етуі шарт. Жыл соңына дейін “Қазақстанның биологиялық қауіпсіздігі туралы” заң әзірленуі керек" - деді Тоқаев.