Шағын және орта бизнес жағдайы және оны қалпына келтірудің 3 жолы. Әлеуметтік зерттеу
"Rysqulov Аnalytics" зерттеу орталығы төтенше жағдайдың шағын және орта бизнеске ықпалына әлеуметтік зерттеу жүргізді.
Пандемия салдарынан әлем елдерінде шағын және орта бизнестің қызметі тоқтап, кейбірі күнделікті табысын жоғалтса, ал кейбірі банкроттық жағдайдың алдында тұр. Халықаралық еңбек ұйымының мәліметінше банкроттық жағдайдың алдында тұрған кәсіпорындардың саны – 436 миллионнан асып түседі.
ШОБ өкілдерін қолдау, көмек көрсету кез-келген мемлекеттің негізгі басымдықтарының бірі. Өйткені, Дүниежүзілік банктің мәлімдеуінше, әлемдік бизнестің 90%-ын шағын және орта бизнес өкілдері құрайды. Business Insider порталының айтуы бойынша, табиғи апаттар ШОБ-тың 40%-ының банкрот болуына әкеп соғады екен.
Вирусқа қарсы күресте алғашында адам денсаулығы мен оның өмірі үшін шаралар жүргізілген болса, енді экономиканы сақтап қалу үшін жанталас басталды. Көптеген мемлекеттер өздерінің стратегиялық және тактикалық жоспарларын қайта қарастырып, елдегі шағын және орта бизнесті сақтап қалу үшін және жұмыссыздық пен әлеуметтік мәселелерді ушықтырмау мақсатында түрлі бағдарламалар жасақтап шығаруда.
Оқи отырыңыз: Карантиннен кейін жұмыссыз қалмаймыз ба? Әлеуметтік зерттеу
Қазақстандағы шағын және орта бизнестің жағдайы
Еліміздегі жағдайға келер болсақ, 2019 жылдың желтоқсанындағы статистикаға сәйкес, Қазақстанда қазіргі таңда 1,6 млн шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркеліп, қызмет етіп отыр. ШОБ субъектілері санының өсуімен қатар олардың ұлттық экономикаға қосқан үлесі де артуда. 2019 жылы Қазақстанның ЖІӨ-дегі ШОБ үлесі 29,5%-ды құрады. Онда қызмет ететіндердің саны – 3 миллион 268 мың адам. Яғни, еліміздегі еңбекке қабілетті әрбір үшінші адам табысын осы саладан тауып отыр.
Covid-19 пандемиясының белең алуына орай енгізілген төтенше жағдай режимінің салдарынан көптеген кәсіпорындар жұмысын уақытша тоқтатуға немесе қашықтан жұмыс істеуге мәжбүр болды. 2 ай бойы қызметі тоқтаған кәсіпкерлер түрлі қиындықтар мен қаржылық шығындарға ұшырауда. Алайда, заман талабына тез бейімделіп, жұмысын онлайн ұсынатын және тауарларын үйге дейін жеткізіп беру қызметін іске қосқан кәсіпкерлер аталған дағдарысты оңай еңсеруде.
Оқи отырыңыз: "Заңнама жүйесін жетілдіру қажет". Төтенше жағдай сабақтары туралы сарапшылар пікірі
Кәсіпкерлер жанайқайы
"Rysqulov Analytics" зерттеу орталығы Covid-19 пандемиясының салдары еліміздегі шағын және орта бизнеске қалай әсер еткенін анықтау мақсатында шағын бизнес иегері, "Food Republic" ЖШС негізін қалаушы Бағдат Әділетпен сұхбат құрды. Кәсіпкердің айтуы бойынша, карантин өзі жұмыс істеп жатқан қоғамдық тамақтану және кофе бизнесіне өте қатты әсер еткен. Екі ай бойы мүлдем жұмыс істемеген компанияның болашағы бұлыңғыр, қайтадан қалпына келуі зор күмән тудырады.
Алайда, шағын және орта бизнеске көмектесу мақсатында Қазақстан үкіметі де бірнеше шараны қолға алғанын атап өткен жөн. Барлық заңды және жеке тұлғалар 12 ай мерзімге дейін жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 8,3% аспайтын несие алуға құқылы. Заңды тұлғалар 3 млрд теңгеге дейін, ал жеке кәсіпкерлер 50 млн теңгеден аспайтын кез келген сомада несие алуына болады. Банктердің несиелеу тәртібі бойынша кепілзат болуы шарт және аталған жеңілдетілген несиені алу үшін кәсіпкер қаржылық жағдайының нашарлағанын растауы қажет.
Дегенмен, Бағдат Әділеттің сөзіне сенсек, бұл несиеге қол жеткізу шағын кәсіпкерлер үшін өте қиын. Өйткені, аталған несие шағын бизнестен несиенің 50%-ын қамтитын кепілзат сұрайды. Ал көптеген шағын бизнестің банк талап еткен кепілзаты жоқ. Сол себепті "Food Republic" ЖШС секілді шағын компаниялар төмен мөлшерлемесі бар несиеге қол жеткізе алмайды.
Оқи отырыңыз: Пандемиядан шығудың үш сценариі. АҚШ пен Батыс Еуропа қай жолды таңдады?
Ел үкіметі төтенше жағдай кезінде ең көп зардап шеккен секторлардың (олардың қатарына қоғамдық тамақтандыру, бөлшек сауда түрлері, транспорттық, консультациялық қызметтер, IT, туризм, қонақ үй бизнесі және т.б.) ШОБ субъектілерін 1 сәуірден 1 қазанға дейін (6 ай) жалақы қорынан төленетін барлық төлемдер мен салықтардан босатты. Барлық ШОБ субъектілеріне 3 айға барлық салық түрлері бойынша міндеттемелерін орындауды тоқтата тұру бойынша бұйрық берілді. Алайда, жас кәсіпкердің айтуынша, шағын компаниялардың негізгі шығынының:
- 30%-ын арендалық төлемдер;
- 30%-ын шикізатқа кеткен шығындар;
- 30%-ын жұмысшылардың жалақысы құрайды.
Сәйкесінше, қазіргі күні шағын кәсіпорындар салықтан гөрі аренда және жалақы шығындарынан қатты қиналып отыр. Екі ай табыс болмауы себебінен біраз бизнес аренда құнын және жұмысшыларының жалақысын төлей алмауда. Қазақстанда сәуір айында бөлшек сауда көлемі 41,4%-ға кеміген. Бұл бөлшек саудадағы табыс екі есе азайғанын көрсетеді.
Сонымен қатар, доллар бағамының өсуі де еліміздегі шағын бизнес өкілдеріне зор қиыншылық тудырып жатыр. Себебі, көптеген шағын кәсіпкерлер шикізаттар мен кәсібіне қолданатын техниканы сырттан алады. Доллардың қымбаттауы бұл тауарлардың бағасын өсіріп жіберді.
Оқи отырыңыз: Қазақстан эскалация алдында немесе Ресейдегі коронавирус қарқыны елімізде қайталана ма?
Әлем өздерінің бизнесін қалай құтқаруда?
Жоғарыда атап өткеніміздей, дағдарыс әлемдік ауқымға ие болды, осыған сәйкес, әр ел өзінің дағдарысқа қарсы бағдарламаларын дайындап, оны жүзеге асыруға кірісіп кетті. Мысал келтірейік.
№1. Ұлыбритания
Ұлыбритания бизнеске мемлекет кепілдігіне ие несие беру бағдарламасын іске қосты. Бағдарламаға сәйкес, жылдық айналым капиталы 45 млн фунт стерлингтен төмен шағын және орта бизнес өкілдеріне 5 млн фунт стерлингке дейін пайызсыз несие беріледі. Үкімет алғашқы 12 ай бойы пайыздық үстеме мен бастапқы шығындарды жабатын төлем грантын беріп, оған қоса банктер мен қаржылық мекемелердің несие беруге сенімділіктерін арттыру үшін қарыздың 80%-ын қайтаруға кепілдік ұсынып отыр. Аталған бағдарлама 6 айға жоспарланған және бизнес иелері қарызды 6 жылға дейін ала алады. Сондай-ақ, қаржылық қиындықтарға тап болған кәсіпорындар мен адамдарға несиені өтеу бойынша үш айлық демалыс енгізілді. Елдегі шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламаларына бөлінген көмектің көлемі ЖІӨ-нің 15%-ын құрайды.
№2. АҚШ
АҚШ-та карантиннен зардап шеккен, жұмысшылар саны 500-ге дейін жететін бизнес иелері жалақы мен жалға алу төлемдерін мемлекет тарапынан 10 млн долларға дейін бөлінетін субсидияға өтініш бере алады. АҚШ Конгресі ШОБ қолдауға алғашқыда бөлінген 350 млрд доллардың үстіне екінші бағдарлама енгізіп, оған қосымша 320 млрд доллар бөлді. Бұл бағдарлама бойынша мемлекет шағын бизнестің 8 аптаға дейінгі шығындарын толық жабуға қайтарымсыз қаржылай көмек көрсетеді.
№3. Германия
Германия үкіметі дефолт алдында тұрған отандық кәсіпорындардың акцияларын өзге елдің кәсіпорындары сатып алмауы және жұтып қоймауы үшін кепілдік несие бере бастады. Ел үкіметі кәсіпкерлерге шамамен 500 млрд еуроға дейін қаржы бөлмек. 40 млрд еуроны өзін-өзі жұмыспен қамтушылар мен қарамағында 10 адамнан аспайтын жұмысшылары бар компаниялар арасында бөлсе, соның 10 млрд еуросын хәлі мүшкіл микро кәсіпорындарға тікелей субсидия ретінде беруді жоспарлауда. Ал бизнеске несие ретінде 30 млрд еуро бөлінеді.
№4. Ресей
Ресейде қолдаудың негізгі бағыты банк секторы арқылы жүзеге асырылады. Жеке оқшаулау режимінің енгізілуіне байланысты зардап шеккен шағын бизнес субъектілеріне несиелерді қайта қаржыландыру, сондай-ақ, қызметкерлердің жалақысын төлеуге арналған жеңілдетілген несие ұсынылуда. Одан бөлек, шағын және орта бизнес өздерінің табысынан айырылғанын дәлелдей алса, қосымша құн салығын қоспағанда, барлық салық түрлерінен 6 айға дейін босатылады.
Франция, Дания, Испания сынды басқа мемлекеттер осыған ұқсас бағдарламалар іске асырып, аталған мемлекеттермен қатар ШОБ иелерін салықтан белгілі бір мерзімге босатып, шығындарын өтеуге көмектесуде.
Оқи отырыңыз: Карантиннен кейін АҚШ-тың бизнес саласы қалай өзгереді? Сараптама
Шағын және орта бизнесті қолдаудың тың жолдары
"Rysqulov Analytics" зерттеу орталығының осы мәселелерді оңтайлы шешу мақсатында шағын және орта бизнестің аяқтан тұрып кетудің өзіндік 3 жолын ұсынады:
№1. Кепілзатсыз несие беру
Еліміздегі еңбекке қабілетті әрбір үшінші адам қызмет ететін ШОБ өкілдерін сақтап қалу үшін 10 миллион теңгеге дейін кепілзатсыз несиені неғұрлым оңай әрі қысқа мерзімде беру мүмкіндігін қарастыру қажет. Сәйкесінше, бизнесті қолдауға бағытталған төмен пайызды несиелердің қызығын үнемі ірі және қалыптасып қалған компаниялар көріп отыр. Банктерге де ірі және айналымы жоғары, тәуекелі төмен кәсіпорындармен жұмыс істеу тиімді әрі қауіпсіз. Сондықтан пандемия кезінде зардап шеккен кәсіпорындарға қолдау тікелей жетуі үшін аталған бағдарламаға ірі және қалыптасып қалған бизнестің қатысуын 30%-ға дейін шектеу қажет. Қалған 70% қаражатты шын мәнінде мұқтаж және қаржыландыруды қажет ететін шағын және орта бизнеске бөліп беруді қарастыру керек. Мысалы, дәмхана, мейрамхана, ойын-сауық сынды бір-біріне ұқсас салаларды біріктіріп, оларға 10 миллионнан аспайтын кепілсіз несие беру қажет. Дәл сол секілді, киім-кешек дүкені, азық-түліктік емес сауда орыны, құрылыс, автобөлшек сынды кәсіпорынның айналым қаражатын ескере отырып, 15 млн теңгеден аспайтын кепілсіз несие беру қажет. Сомасы 15 млн теңгеден асатын несиелерге Үкімет Ұлыбритания секілді бизнеске мемлекет кепілдік беретін несие беру бағдарламасын қарастырғаны жөн.
№2. Коммуналдық тариф құнын жыл аяғына дейін 25%-ға төмендету
Шағын және орта бизнес өкілдерін қолдау және олардың шығындарын азайту шаралары ретінде – олардың коммуналдық тариф құнын жыл аяғына дейін 25%-ға төмендету. Сонымен қатар, шағын және орта бизнес саласында қызмет ететін компаниялары қызметкерлерінің 50% жалақысын субсидиялау жолын зерттеген де абзал болмақ. Бұл шара өз кезегінде бизнеске шығындарын төмендетуге, карантин кезінде жоғалтқан пайдасының орнын толтыруға және өндірілетін өнімдердің өзіндік құнын төмендетуге септігін тигізеді.
№3. "Еңбекақы қорына" арналған шағын несие беру
Карантин кезінде табысынан айырылып, қызметкерлеріне еңбекақы төлеу бойынша қиындыққа ұшыраған кәсіпорындарға Ресей тәжірибесін ескере отырып,банктер арқылы төмен пайызбен қысқа мерзімді тек "Еңбекақы қорына" арналған шағын несие беруге де болады. Бұл жұмыс берушілердің өздерінің қызметкерлері алдындағы міндетін уақытылы орындауға және карантиннен кейін кәсібінің алғашқы айында айналымын қалыпты жағдайға келтіруге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңдағы біздің мақсат – еліміздегі белсенді шағын және орта бизнесті сақтап қалу болу керек. Бұл өз кезегінде кезек күттірмейтін және тез әрекет етуді талап ететін міндет.