Zakon.kz - новости Казахстана
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 9,25% деңгейінде сақтады
Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім 2020 жылғы 3 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен сағат 15:00-де жария етіледі.
ҚР Ұлттық Банкі пайыздық дәлізді +/- 1 п.т. деңгейінде сақтай отырып, базалық мөлшерлемені жылдық 9,25% деңгейде сақтау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды zakon.kz Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жылдық инфляция Ұлттық Банктің күткенінен төмен қалыптасуда. Нақты ЖІӨ-нің өсу қарқыны біртіндеп үдеуде. Базалық мөлшерлеме бойынша ағымдағы шешімді ескере инфляция 2019-2020 жылдарға арналған 4-6% нысаналы дәліз шегінде қалыптасады.
Базалық мөлшерлеме бойынша бұдан кейінгі шешімдер нақты инфляция деңгейін және оның нысаналы бағдарларға сәйкестігін айқындайтын ішкі және сыртқы тәуекелдердің теңгеріміне қарай қабылданатын болады.
Жылдық инфляция 2019 жылғы қарашада 5,4% болды (қазанда – 5,5%) және ағымдағы жылғы мамыр-қарашада 5,3-5,5%-дық тар дәлізде тұрақты деңгейде қалып отыр. Азық-түлік тауарларының бағасы инфляцияға ең көп үлес қосуын жалғастыруда, ол қазанның деңгейінде тұрақтанып, 9,7%-ды құрады. Ет, нан-тоқаш өнімдері мен жарма бағасының өсуі азық-түлік инфляциясының негізгі себебі болып отыр, олар тиісінше 13,4%-ға және 15,5%-ға қымбаттады. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы өсуінің 4,8%-ға дейін және ақылы қызметтердің 0,6%-ға дейін баяулауы инфляцияға тежеуші ықпал етуде.
Халықтың инфляциялық күтулері ағымдағы жылғы қарашада азық-түлік тауарлары бағасының неғұрлым жоғары өсуінің аясында 5,8%-ға дейін (2019 жылғы қазанда 5,6%) аздап көтерілді. Халық арасында жүргізілген соңғы пікіртерім нәтижелері бойынша келесі 12 айда бағалардың қазіргі өсу қарқынының сақталуын немесе оның баяулауын күтетін респонденттер үлесі 54,7%-ды құрады (қазанда 56,4%).
Тұтынушылық сұраныстың кеңеюі және экономикалық белсенділік өсуінің қарқын алуы негізгі проинфляциялық факторлар болып қалуда. Халықтың нақты ақшалай кірістерінің өсуі 2019 жылғы қаңтар-қыркүйекте 6,4% болды. Үшінші тоқсанда нақты жалақы 12%-ға дейін өсті, бұл ретте мұндай өсу экономиканың барлық секторларында байқалады. Үй шаруашылықтарын тұтынуына өткен жылмен салыстырғанда әлеуметтік қолдауға және жалақыға жұмсалған бюджет шығыстарының, сондай-ақ тұтынушылық кредиттеудің өсу қарқынының жоғары болуы (қазанда жылдық көрсеткіш бойынша 23,8%) қолдау көрсетуде.
Ағымдағы жылғы қаңтар-қазанда қысқа мерзімді экономикалық индикатор жылдық көрсеткіш бойынша 4,7%-ға ұлғайды. Құрылыс 12,7%-ға, сауда – 7,5%-ға, көлік – 5,6%-ға, тау-кен өндіру және өңдеуші өнеркәсібі тиісінше 3,7%-ға және 3,3%-ға оң үлес қосты. 2019 жылғы қаңтар-қазанда инвестициялардың кеңеюі 8,2%-ды құрады. Ұлттық Банктің бағалауынша ІЖӨ-нің нақты өсуі 2019 жылы 4,2% болады.
Ұлттық Банк экономиканың өсуін 2019 жылы 4,2%-ға, 2020 жылы 3,8%-ға бағалайды. Халықтың нақты ақшалай кірісінің ұлғаюы аясында тұтынушылық сұраныстың өсуі, инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларды іске асыру нәтижесінде инвестициялық сұраныстың артуы, мұнай және газ конденсатының көлемін өсіру салдарынан экспорттың ұлғаюы негізгі факторлар болады.
Сыртқы сектор факторларының әсері салыстырмалы түрде бейтарап сипатта. Brent маркалы мұнайдың бағасы базалық сценарийде салынғаннан аздап жоғары деңгейде сақталуда. Ағымдағы жылғы 11 айда ол орташа алғанда бір баррель үшін 64,1 АҚШ долларын құрады (2018 жылғы 11 айда – бір баррель 72,9 АҚШ доллары). 2020 жылы мұнай бағасы әлемдік экономиканың әлсіз дамуы аясында ағымдағы деңгейлерге жақын қалыптасатын болады. ФАО азық-түлік бағалары индексі қарашада 9,5%-ға ұлғайды, бұл сүт өнімдері, ет және өсімдік майы бағасының ұлғаюымен түсіндіріледі. Қорларының азаюы аясында дәнді-дақылдарды тұтынудың ұлғаюы нәтижесінде олардың әлемдік бағасы қалыпты түрде өседі деп күтіледі.
Сыртқы монетарлық жағдайлар инфляциялық аяның жұмсаруына ықпал етуде. Орталық банктердің пайыздық мөлшерлемелерді төмендету және түрлі ынталандыру шараларын кеңейту саясаты жалғасуда. Ресейде инфляцияның баяулауы және ЕО елдерінде тұтынушылық бағаның қалыпты өсу қарқынының сақталуы аясында сауда әріптес елдердегі инфляция Қазақстанда ішкі бағаларға дезинфляциялық ықпал етуде.
2019 жылдың соңында жылдық инфляция 4-6% нысаналы дәліз шегінде 2020 жылдың соңына қарай 5,0-5,5%-ға дейін баяулай отырып, 5,5-5,7% аралығында болады деп болжанады. 2020 жылғы бірінші тоқсанда қысқа мерзімді сипаттағы проинфляциялық тәуекелдер іске асырылуы және инфляция нысаналы дәліздің жоғары шегінің деңгейіне дейін өсуі мүмкін. Бұл халыққа көрсетілетін ақылы қызметтердің реттелмелі тарифтерінің, сондай-ақ жекелеген азық-түлік өнімдері бағасының өсуімен байланысты. Экономиканы фискалдық ынталандыруды одан әрі жалғастыру және Ұлттық Банк оң болады деп бағалайтын шығарылым айырмасы орта мерзімді перспективада 2020 жылғы инфляция серпінін айқындайтын негізгі факторлар болып қала береді.
Ағымдағы ақша-кредит талаптары әлсіз тежеуші ретінде бағаланады, бұл төлем балансы ағымдағы шотының кеңейіп жатқан тапшылығының инфляциялық және бағамдық күтулеріне ықпал етуді шектеу жөніндегі алдын алу шараларын қабылдау қажеттілігімен байланысты.
Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім 2020 жылғы 3 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен сағат 15:00-де жария етіледі.