Zakon.kz - Казахстан, Алматы, Астана, Шымкент, Караганда, Тараз, Актобе, Атырау, Уральск, Семей
Тіл конкурсы жаңа форматта
Конкурстың негізгі мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру және оны меңгеруде қоғамдық қызығушылықты арттыру, қазақ елінің салт-дәстүрі мен мәдениетін насихаттау.
Тұңғыш Президент күнін мерекелеуге орай "ҚазТрансГаз" акционерлік қоғамында мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға арналған "ЖАСТЫҚ. ДАРЫН. БОЛАШАҚ" атты дәстүрлі тіл конкурсы өтті.
Ұлттық оператордың компаниялар тобында осындай іс-шара бесінші рет өткізіліп отыр. Ана тілі – туған халқымыздың асыл қазынасы деп санайтын жас мамандар бұл шараның жоғары деңгейде өтуіне барынша атсалысты. Жыл сайын конкурс өткізу үшін бірегей формат таңдап алынады. Бұл жолы кәсіптік қызметтің әртүрлі саласын білдіретін "газ өндіру", "газ тасымалдау" және "газ тарату" бағыттары бойынша үш аралас команда өзара сайысқа түсіп, шын жүйріктер мен нағыз мықтылар анықталды.
Қатысушылар үш позиция бойынша тапсырма алды: "Таныса біл, тани жүр" атты дәстүрлі капитандар конкурсы, "Тез тап, латынмен жаз" атты екінші айналымда командалар Тәуелсіз Қазақстанның тарихы мен компанияның тарихына қатысты сұрақтарға латын қарпінде жауап берді. Конкурс "Өнерім – өшпес қазынам" атты шығармашылық турмен аяқталды, онда конкурсанттар өздерінің музыкалық қабілеттерін әрі актерлік шеберліктерін көрсетті.
Конкурстың негізгі мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру және оны меңгеруде қоғамдық қызығушылықты арттыру, қазақ елінің салт-дәстүрі мен мәдениетін насихаттау. Газ мамандары күнделікті өмір мен қызметте де ана тілін білікті және еркін қолданатындарын көрсетті. Бұған қоса, іс-шара барысында латын графикасына өтуге қатысты пікірталастар мен арнайы тапсырмалар да болады.
Қазылар алқасының шешімімен ұпай саны бойынша басым түскен "газ тасымалдаушылардың" "ЖАС АЛАУ" командасы бас жүлдені жеңіп алды.
Екінші орынға "газ өндірушілер" блогының "ЖАЛЫНДЫ ЖАСТАР" командасы ие болды.
Үшінші орынға "ЖАЛЫНДЫ ҚЫРАНДАР" атты командаға біріккен "газ таратушылар" тобы лайық деп танылды.
Байқау жеңімпаздары құнды сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды.
Конкурсқа қатысушылардың барлығы ана тіліне деген құрметін, салт-дәстүр мен Тәуелсіз Қазақстанның тарихын, сондай-ақ компаниялар тобының өндірістік және қызметтік тарихын тамаша меңгергендерін көрсетті.