https://static.zakon.kz/uploads/posts/2019-11/pic_690/2019112911571944986_fvfvfv.jpg
Сурет : primeminister.kz

Zakon.kz - Казахстан, Алматы, Астана, Шымкент, Караганда, Тараз, Актобе, Атырау, Уральск, Семей

Мамин Франция бизнес қауымдастығының аса ірі бірлестігімен келіссөздер өткізді

Қазақстанда француз капиталының қатысуымен түрлі салаларда 230-ға жуық кәсіпорын жұмыс істейді.

Асқар Мамин Франция-Қазақстан іскерлік кеңесінің тең төрағасы Ив-Луи Даррикарер бастаған "Франция-Қазақстан" сауда-өнеркәсіп палатасының мүшелерін және Франция кәсіпорындары қозғалысының (MEDEF) өкілдерін қабылдады, деп хабарлайды zakon.kz ҚР Үкіметінің ресми сайтына сілтеме жасап.

"Қазақстан мен Франция ‒ стратегиялық серіктестер. Біз сенімді ынтымақтастықтың берік іргетасын қалай алдық. Бұл екі тарап үшін де айтарлықтай экономикалық, саяси және мәдени дивидендтер әкеледі", — деді Асқар Мамин.

Биыл 9 айда Қазақстан мен Франция арасындағы тауар айналымы Еуропалық Одақтың басқа елдеріндегі көрсеткіштерден арта отырып, 6%-дан астам өсті және 3,4 млрд долларды құрады. Осы жылдың бірінші жартыжылдығындағы ҚР экономикасына тікелей француз инвестицияларының ағымы 24%-дан астамға, 537 млн долларға дейін ұлғайды.

Үкімет басшысы көптеген инвестициялық жобалардың белсенді іске асырылу сатысында тұрғанын атап өтті. Қазақстанда француз капиталының қатысуымен түрлі салаларда 230-ға жуық кәсіпорын жұмыс істейді, олардың ішінде Total, Orano, Alstom және басқа да ірі трансұлттық корпорациялар бар. Тәуелсіздік жылдары Франция компаниялары Қазақстанға 16,4 миллиардтан астам доллар инвестиция салды.

Үкімет басшысы мен француз компанияларының өкілдері екі елдің бизнес құрылымдары арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ, энергетика, су шаруашылығы және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын жаңғырту, цифрлық денсаулық сақтау, биометриялық жүйелер, автомобиль құрастыру, трансформатор өндірісі, ғарыштық жерсеріктерді құрастыру және тағы басқа салалардағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.

Француз делегациясы құрамында Total, Orano, Alstom, Airbus, Vicat, Air Liquide, Idemia, Renault CIS & LADA Export, Veolia, Bouygues Travaux Publics, Catering International Services, DV Conseil, Lazard, Sanofi, TechnipFMC, TECOFI S.A.S. компаниялары болды.

Франция кәсіпорындарының қозғалысы ‒ түрлі қызмет саласындағы 800 мың компанияны біріктіретін, елдің бизнес қауымдастықтарының ірі ұйымы.