Тап тартысы әлі де бар

by

Мектеп оқушыларының өз өзіне қол жұмсауы көбейді. Оны балалардың жүйке жүйесінің әлсірегенімен байланыстырамыз. Бірақ бұған кім кінәлі?

Қоғамның "бай" мен "кедей" болып бөлінгеніне көзіміз де, құлағымыз да үйренді. Әу баста солай болғанда елемес пе едік? Бірақ, кеңес кезеңінен кейінгі "екіге жарылу" процесі шымбайға өте батып жатқанын жасыру жөнсіз болар.

Күні кеше мектеп табалдырығын аттаған ботақанына қуанған ата-ананың басым көпшілігі соңғы қоңырау жақындаған сайын көңілі күпті бола бастайды. Себебі, қалтасы тесік ата-ана мен қалталы ата-ана арасындағы қайшылықтың кесірі баласына тиіп кетпесе деп уайымдайды.

Екінші тоқсаннан-ақ жоғары сынып оқушыларының ата-аналары арасында әлеуметтік қақтығыс басталып кетеді.

Оқи отырыңыз: Көз жасы құрғаған қыз тағдыры

Банктің кредит беретін терезесінде балаларын қасіретке соқтырмаудың амалын іздеген бес бірдей ата-ана кезекте тұр. Мәселенің түйіні баласы аттестатын алғалы отырған мектептен басталған.

Қалталы азамат қысқы демалыста мектеп бітіргелі отырған баласына жаңа жылға сыйлық ретінде шетелге бір аптаға демалысқа жіберуді ортаға тастайды. Әрине, күнін әрең көріп отырған ата-аналарға бұл ұсыныс үлкен соққы.

Шетелдік демалыс шығыны кем дегенде 400-500 000 теңгенің көлемі. Оған көзін қызықтарған заттарды сатып алуға қажетті қалта пұлды қосыңыз. Ала мен құла отбасынан жиылған оқушылардың ата-аналары тартысқа түсіп кеп береді.

"Мен жетпегенге балам жетсе екен" деп білімін қадағалаумен болашағына үміт артқан қарапайым отбасы үшін ол қаражат – "аспандағы аймен" тең. Ал қалталы отбасы үшін ол қымбат мейрамханаға лақтыратын "шәймен" тең.

Тартыстың аяғы: "Ақшасы жоқтар қала берсін. Олар үшін менің балам неге шетелге бармауы керек?! Біз баламыздан сыйлықты аямаймыз" деумен тоқталады. Қасірет осы жерден басталмақ.

Он бір жыл бойы бірге оқыған сыныптастары шетелге серуенге кетіп бара жатқанда ата-анасының ақшасы болмай, қатарынан қалып қойған баланы көз алдыңызға елестетіңізші. Күйініш. Намыс. Өкініш. Ата-анасына деген өкпе. Жоқшылыққа деген нала. Соңы...

Соңы көбіне суицидке апарып тірейді. Қатарынан қалып, өмір сүруден мән-мағына таппай қалады. Жас ғұмыр ажалға мәрт. Санасы қалыптасып үлермеген, сынаптай сырғып тұрған жасөспірімге қатарынан қалу – өлімнен ауыр. Мәселе бала жанын ескермейтін есірік көңілді ересектердің көбейгенінде болып тұр.

Оқи отырыңыз: Жұмадағы бір садақаның сыры

Олар ешқашан өздерін "кінәлімін" деп ойламайды. Бар болғаны үкілеген ұрпағын шетелге демалысқа жіберді. "Балам үшін ақша тауып жүрмін. Ешкімнен ұрлаған жоқпын. Маңдай теріммен тапқан ақшама баламды қайда жіберсем де, еріктімін" деп санайды.

Дұрыс. Бірақ, балаңыздың досы әлеуметтік деңгейі төмен отбасынан екенін ескеру сіз үшін қаншалық қиын? Қатары шетелдегі демалыс сәттерін әлеуметтік желіге жүктегенін көру, қаржы таппай қалып қойған балаға қаншалық соққы екенін көз алдыңызға елестетіңізші.

Мәжіліс депутаты Артур Платоновтың жасаған сараптамасы бойынша 15 жасқа дейінгі мектеп оқушылары арасындағы суицид әр 100 балаға бес баладан болса, 17-18 жас арасында екі есе көп. Айналдырған 17 миллион халқы бар мемлекет үшін бұл көрсеткіш аз емес. Мамандар өлуге құмарту – психиканың күйзеліске ұшырауынан екенін айтудай-ақ айтып жатыр. Бірақ, осы психиканың күйзеліске ұшырауының себеп-салдарына көп жағдайда ересектер себепкер екеніне мән береміз бе?

Қатарынан қалған баласы тосын қасіретке ұшырап қалмасын деп жанұшырған бір ата-ана кредитке ақша алған. Енді бірі қаржы тауып бере алмағанына күйінген жалғызбасты әйел өз-өзіне қол салуға дейін барған.

Баламен қоса ата-анаға да соншалық күйзеліс тудыратындай жайтқа итермелегенше, еш дабырасыз өз баласын жеке жіберудің жолын іздестірмеген елірген көңілдерге тыйым салу, тоқтату еш мүмкін емес. Өйткені, оларда ақша бар. Сізде ақша жоғына олардың кінәсі жоқ.

Бұл аздай, аттестат алар кездегі дүрбелең: сынып жетекшісіне қымбат сыйлық, мектепке сыйлық, қоштасу кешіне киім алу секілді жүрек шайлықтырар қаржы тізбектерін қосыңыз. Осыншалық бассыздыққа жол беріп отырған да сол – байлығының буына елірген ересектер.

Осыдан келіп "жастар бұзылды" деп дабыра саламыз. Бүгінгі бала, ертеңгі қоғам мүшесін саналы түрде құлқын сатқындығына һәм құлына тәрбиелеп жатқан ересектер екеніне мән беріп мойындамасақ, кешігеміз.

Оқи отырыңыз: Әліпбидің айтылмаған әуресі

Үлкенді сыйламайтын жастардың көбею себебіне үңілсеңіз, пәлекеттің басында жікке бөлгенді балапан кезінен білдірген батпандай өз қателігіміз тұр.

Теңсіздікті кішкентайынан көріп, шымшықтың жүрегіндей жүрегі күйзеліс кешкен бүлдіршіннен отансүйгіштікті талап етудің өзі өрескел. Өйткені, көз ашқалы көргені – теңсіздік. Басты қателік – ересектерде.

Ойланыңыз. Сіз ұсынған елірме ұсыныстың аяғы бір жасөспірімнің тағдырын қыршыннан қиып жатса, демек сіз кінәлісіз. Өлімді өз қолыңызбен жасамай-ақ, байлық оғымен атып салдыңыз. Өмір бойы көз алдыңызда қиылған ғұмырдың күнәсі кетпей өтуіңіз әбден мүмкін.

Қасіретке ұшыратар қателікті жасамауға кешігіп қалмаңыз. Жікке бөлінген қоғамды өзгерту мүмкін емес. Әйтсе де, өзіңіздің парасатты жолға өзгеруіңізге мүмкіндік бар.

Мнение автора может не совпадать с позицией редакции.