https://static.zakon.kz/uploads/posts/2019-11/pic_690/2019112910233299703_imgonline-com-ua-resize-rbe6pvznaym-1.jpg
Сурет : str-raion.ru

Zakon.kz - Казахстан, Алматы, Астана, Шымкент, Караганда, Тараз, Актобе, Атырау, Уральск, Семей

Қазақстан шағын және орта бизнестен қосымша 40 млрд доллар таба алады

Шағын және орта кәсіпкерліктің өсу қарқыны баяулауы себебінен Қазақстан жылына 40 млрд доллар жоғалтуда.

2019 жылғы 1 қарашадағы ахуал бойынша қазіргі ШОК субъектілерінің саны 1,3 млн құрады. Жиынтығында, кәсіпорындар 26,5 трлн теңге сомаға өнім шығарды. Нәтижесінде ЖІӨ-дегі ШОК үлесі 28,5%-ға жетті. 2025 жылға қарай көрсеткішті 30-35% дейін жеткізу жоспарлануда, бұл жеке сектордың ел экономикасына әсерін нығайтуға мүмкіндік береді. Алайда, мемлекетке кәсіпкерлікті ынталандырудың жаңа тетіктері қажет, себебі, ШОК даму серпіні соңғы жылдары айтарлықтай баяулады, деп хабарлайды finreview.info.

Нарықтық экономиканың дербес секторы болып табылатын шағын және орта бизнес елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі әсер етеді. Оның дамуы экономика секторларын әртараптандыруды жеделдетеді, салауатты бәсекелестік ортаны қалыптастырады, инновациялық қызметті ынталандырады, сондай-ақ, нарықты жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді және өзін өзі жұмыспен қамтыған халықтың үлесін арттырады. Сонымен қатар, шағын кәсіпкерлік мемлекеттен елеулі қолдау шараларын талап етпейді, ал оның икемділігі мен мобильділігі сыртқы ортаның өзгеруіне тез бейімделуге мүмкіндік береді. Бұл нарық конъюнктурасының өзгеруіне бейімделуді жеңілдету арқылы нарықтық экономикаға оң әсерін тигізетіні сөзсіз.

Қазақстанда қазіргі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері санының соңғы он жылдағы өсу интервалы 11%-дан 34,4%-ға дейінгі қарқынды көрсетіп отыр. Бұл ретте, ең жоғары өсім 2015 жылы тіркелген, алайда ол көбінесе субъектілердің сандық ұлғаюына емес, ШОК мөлшерін анықтау әдістемесінің өзгеруіне байланысты. Нәтижесінде шағын кәсіпорындар саны 2 есеге өсті, ал орта кәсіпорындар саны, керісінше қысқарды.

2019 жылғы 1 қараша айындағы ахуал бойынша жұмыс істеп тұрған ШОК саны 1,3 млн құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,6%-ға көп. Осылайша, Қазақстанның мыңдаған тұрғынына шамамен 12 ШОК субъектілері келеді.

Өңірлік бөліністе Алматы қаласы көш бастап келеді, онда 190,2 мың субъект жұмыс істейді. Екінші орында Түркістан облысы – 141,6 мың субъект. Елорда 133 мың субъектілері бар алғашқы үштіктегі өңірді тұйықтайды. Сонымен қатар, ең үлкен өсім Оңтүстік Қазақстанда тіркелген – Шымкент қаласындағы көрсеткіш 20,9%-ды, Түркістан облысында 13,4% -ды құрады.

https://static.zakon.kz/uploads/posts/2019-11/1575001289_bez-nazvaniya-14.jpg
https://static.zakon.kz/uploads/posts/2019-11/1575001322_bez-nazvaniya-13.jpg

Қазақстанда бизнесті жүргізудің негізгі әдісі дәстүрлі жеке кәсіпкерлік болып табылады, оның үлесі 65,2%-ды, ал сандық мәнде 876,1 мың бірлікті құрайды. Соңғы он жылда жеке кәсіпкерлер санының орташа жылдық өсуі 7,4%-ды құрады, меншік нысанын анықтаудың жаңартылған әдістемесіне байланысты 2016 жылы динамика қарқыны бәсеңдеді. Бұл ретте, олардың басым бөлігі өзін өзі жұмыспен қамтығандар саналады, оларды жеке кәсіпкерлер ретінде есепке алу елдің көлеңкелі экономикасының деңгейін төмендетуге бағытталған.

Шағын кәсіпкерліктің заңды тұлғалары саны 19,1%-ға тең, бұл ең жоғары орташа жылдық өсу көрсеткіші болып табылады. Ағымдағы жылы олардың саны 253 мың субъектіге жетті. Орта кәсіпкерлік субъектілері, сондай-ақ, шаруа немесе ферма қожалықтары бәсеңді түрде дамуда, олардың саны орташа есеппен жылына 1,7%-ға және 1,8%-ға өсті.

Сонымен қатар, 2012 жылдан бастап орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны жыл сайын орта есеппен 14,2%-ға қысқаруда. 2019 жылғы қазан айының соңындағы ахуал бойынша олардың саны 2018 жылдың қазан айымен салыстырғанда 122 бірлікке төмендеп, 2 510 субъектіні құрады. Бір жағынан, бұл статистика қазақстандық нарықтағы жағдайдың нашарлауын көрсетеді. Алайда, егер орта және ірі кәсіпкерлік субъектілерінің жартысы дерлік мемлекеттің меншігінде немесе мемлекеттік меншікпен байланысты екенін ескерсек, онда олардың санын азайту жеке бизнес есебінен экономиканың бәсекеге қабілеттілігін ынталандыруға бағытталған.

2019 жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша заңды тұлғалардың ең сұранысқа ие қызмет түрі көтерме және бөлшек сауда болып табылады. Бұл салада кәсіпкерлердің үштен бірі немесе 130,4 мың субъект жұмыс істейді. Сондай-ақ, алғашқы үштікке 30,1 мың кәсіпкер тартылған кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет кіреді.

Шок-тің қазіргі құрылымы жалпы қызмет көрсету саласының дамуына ықпал етпейді. Оның жалпы экономикалық көрсеткіштерге үлесі дамыған және дамушы елдермен салыстырғанда айтарлықтай төмен. 2019 жылдың он айының қорытындысы бойынша Қазақстанның ЖІӨ-дегі ШОК үлесі 28,5% құрады. Дамыған елдерде ШОК ЖІӨ-нің кем дегенде жартысын қалыптастырады.

Жыл сайынғы орта есеппен 21%-дық өсіміне қарамастан, ШОК өнімі көлемінің төмендігі сақталуда. 2018 жылы оның көрсеткіші 26,5 трлн теңгені құрады, оның 44,4%-ы (немесе 11,8 трлн теңге) Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларына келді. Нәтижесінде ШОК жалпы қосылған құны, яғни өндірілген өнім құны мен өндіріс процесінде толық тұтынылған өнім құны арасындағы айырмашылық 8 трлн теңгеге жуық болды. Басқаша айтқанда, 8 трлн теңге — бұл бастапқы ресурстарды қайта өңдеу процесінде қосылған сома.

https://static.zakon.kz/uploads/posts/2019-11/1575001341_bez-nazvaniya-15.jpg

Қазақстандағы ШОК даму қарқынының бәсеңдеуі, әсіресе, қаржылық және әлемдік дағдарыстардан кейінгі уақытта, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанның ЖІӨ-нің үштен бір бөлігін қалыптастырған аграрлық экономикадан минералдық ресурстарды өндіруге негізделген экономикаға көшумен түсіндіріледі. Нәтижесінде бұл төмен бейінді салаларда ШОК субъектілерінің шоғырлануына алып келді, себебі, неғұрлым табысты секторларға қол жеткізу қаржының, біліктіліктің, инновациялық зерттемелердің жетіспеушілігі, неғұрлым тұрақты субъектілермен жоғары дәрежедегі бәсекелестік түріндегі кедергілермен шектелген.